ШҚО-дағы ауыл тұрғындарына медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетілуде
ШҚО-дағы ауыл тұрғындарына медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетілуде
Шығыс Қазақстан облысында "AMANAT" партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен "AMANAT Керуені" әлеуметтік акциясы бастау алды. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және елді мекен тұрғындарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған акция Самар ауданынан басталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мұндағы басты мақсат – ауыл тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу, мемлекеттік қолдау шаралары мен партиялық жобалар, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктер туралы түсіндіру жұмысын жүргізу, сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша кеңес беру.
"AMANAT Керуені" – тұрғындарға нақты көмек көрсетуге бағытталған аса маңызды жоба. Бүгінде білікті дәрігерлердің қабылдауына қол жеткізу, әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Біз мұндай кешенді іс-шаралар арқылы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға және олардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған қолдау көрсету шараларын жалғастыра береміз, – деді "AMANAT" партиясы ШҚОФ төрағасы Жанат Мекеева.
Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия орталығының білікті мамандары – онколог, маммолог, гинеколог, уролог дәрігерлер, сондай-ақ ультрадыбыстық зерттеу қызметі бойынша мамандар тұрғындарды тегін қабылдады. Сонымен қатар, "Astana Vision" клиникасының офтальмологтары заманауи құрал-жабдықтар арқылы тұрғындардың көзін тексеріп, кәсіби кеңес берді.
Бүгін бір топ азамат ауыл тұрғындарына медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсету үшін арнайы келдік. Мәселен, Самар ауданында 10 жылдан бері офтальмолог дәрігер жоқ. Сондықтан арнайы құрал-жабдықтарымыз арқылы тұрғындарға толық диагностика жүргіземіз, диагноз қоямыз, көзілдірік жазып береміз. Менің ойымша, мұндай акциялар – аса қажет. Сондай-ақ акция аясында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесеміз. Мұндағы мақсат – мектепті немесе колледжді аяқтаған ерекше балаларды қалай жұмысқа орналастыруға болатынын ойластыру, олардың қайда жұмыс істей алатынын анықтау. Мен дәрігер ретінде ауылға ерекше көңіл бөлемін. Себебі тұрғындардың барлығы бірдей қалаға, әсіресе офтальмолог дәрігердің қабылдауына бара алмай жатады, – деді "AMANAT" партиясы ШҚОФ Әйелдер қанатының жетекшісі әрі Өскемен қаласындағы "Astana Vision" клиникасының директоры Зарина Камасова.
Бұған қоса, қоғамдық денсаулық сақтау саласы бағытында да маңызды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, АИТВ/ЖИТС ауруының алдын алу, оның таралу жолдары мен сақтану шаралары туралы түсіндіру жұмысы ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін кеңес берілді.
Акция аясында мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру жұмысы қолға алынды. Өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдері талапкерлерге білім беру бағдарламалары туралы ақпарат ұсынып, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға қатысты бағыт-бағдар ұсынды.
Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту басқармасы, қаржы институттары, депутаттық корпус пен салалық ұйымдардың өкілдері тұрғындарға мемлекеттік қызметтер алу тәртібі, әлеуметтік қолдау шаралары, кәсіпкерлікті дамыту және қайтарымсыз гранттар бойынша кеңес берді.
Мұндай кешенді іс-шаралардың ауылда өтіп жатқаны қуантады. Көп жағдайда қалаға барып, дәрігерге қаралуға мүмкіндік бола бермейді. Ал мұнда бір күнде бірнеше маманның кеңесін алып, тексеруден өтуге жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, жастарға жан-жақты бағыт-бағдар беріліп, әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес ұсынылуда, – деді Самар ауылының тұрғыны Гүлнар Мәжібаеева.
Айта кетейік, "AMANAT Керуені" акциясы мамыр-шілде айлары аралығында өңір аумағындағы аудандарды түгелдей қамтымақ.