Әйелдер қанатының қатысуымен «Жасанды интеллект және инновациялар» халықаралық ғылыми-техникалық конференциясы өтті
Шығыс Қазақстанда өткен халықаралық конференцияда Әйелдер қанаты өкілдері жасанды интеллект пен инновациялар саласындағы ғылыми даму мәселелерін талқылады.
«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының өкілдері студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдардың ХІІ халықаралық ғылыми-техникалық конференциясының пленарлық отырысына қатысты. «Жасанды интеллект және инновациялар: жаңа сын-қатерлер және болашақтың инженерлік шешімдері» тақырыбындағы конференция цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізілді.
«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Камасова Зарина Айдархановна конференцияда құттықтау сөз сөйлеп, жасанды интеллекттің қазіргі қоғамдағы рөліне, сондай-ақ оның экономика, ғылым және әлеуметтік даму салаларына әсеріне тоқталды.
Іс-шара барысында жастардың, әсіресе жас ғалымдардың елдің технологиялық дамуына қосатын үлесі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар Әйелдер қанатының ғылым, білім және жоғары технологиялар саласындағы бастамаларды қолдауға бағытталған жұмысы айтылды.
«Әйелдер ғылымда» бағыты аясында әйел-ғалымдарды қолдау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Гендерлік теңдік ғылым мен инновация саласындағы тұрақты дамудың маңызды факторы екені атап өтілді.

