Алматы облысында Құқықтық сауаттылықты арттыруға, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған маңызды семинар өтті
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында құқықтық сауаттылықты арттыруға, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған маңызды семинар ұйымдастырылды.

Аталған семинар жоғары оқу орындарымен жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында өткізіліп, халыққа құқықтық көмек көрсету, құқықтық қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік осал топтарға кәсіби құқықтық қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылды.Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен әлеуметтік мекемелер арасындағы өзара ынтымақтастықтың қоғам игілігі жолындағы маңызы зор екендігін жеткізді. Семинарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Нархоз университетінен келген заң саласының білікті мамандары, тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, PhD докторлары және профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері қатысты.

Кездесу барысында мамандар орталық қызмет алушыларына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық жауапкершілік, әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету, алимент өндіру, тұрғын үй, отбасы және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кәсіби құқықтық кеңестер берді.
Семинар аясында қатысушылар өздерін толғандырған құқықтық сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан тегін құқықтық консультациялар алу мүмкіндігіне ие болды. Ашық форматта өткен кездесу қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды ақпарат алаңына айналды.
Осындай маңызды әлеуметтік бастамаға қолдау білдіріп, халыққа құқықтық көмек көрсетуге өз үлестерін қосқан қадірлі қонақтарымызға шынайы алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да бірлескен жұмыстар өз жалғасын табады деп сенеміз.
