AMANAT: Өндірістегі әйелдердің еңбек құқығы мен қауіпсіздігі
Тараз қаласында өндірісте еңбек ететін әйелдердің еңбек құқықтары, қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғалуы мәселелеріне арналған диалог алаңы өтті.
Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Тараз қалалық Әйелдер қанатының жетекшісі Жанат Ертаеваның жетекшілігімен Тараз қаласында «Әйел өндірісте: еңбек жағдайы, құқығы және қауіпсіздігі» тақырыбында диалог алаңы өтті.
Іс-шараға бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, құқық қорғау саласының өкілдері, еңбек инспекциясы, кәсіподақ ұйымдары, кәсіпкерлер палатасы, сақтандыру компаниялары мен қоғам белсенділері қатысты.
Кездесуді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Уалихан Болатбек ашып, партия алаңында көтерілген мәселелердің нақты шешілуіне әрдайым басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар өндірісте еңбек ететін әйелдердің қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғалуы мен еңбек жағдайын жақсарту мәселелері партия назарындағы маңызды бағыттардың бірі екеніне тоқталды.
Диалог алаңында облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков, прокуратура органдарының ардагері, адвокат Зауре Адамбаева, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Жанат Мухатаева, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев, кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова және Жамбыл облысы бойынша сақтандыру компаниясының директоры Ақбота Молдашева өз салалары бойынша пікірлерін ортаға салды.



Кездесу барысында өндірісте еңбек етіп жүрген әйелдердің еңбек құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқықтық жауапкершілік, сондай-ақ әйелдердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселелері кеңінен талқыланды.Сонымен қатар қатысушылар өндірістегі әйелдер тарапынан жиі көтерілетін мәселелер мен ұсыныстарды айтып, оларды шешудің нақты тетіктерін қарастырды.
Әйелдердің қауіпсіз әрі лайықты еңбек етуіне жағдай жасау — қоғамның ортақ міндеті.



