«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Шексіз мүмкіндіктер» қосалқы жобасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9–11-сынып оқушыларын қолдауға бағытталған маңызды кездесу өтті.
Жиынның басты мақсаты – мектеп бітіруші ерекше балаларға кәсіби бағдар беру, олардың болашақ мамандықты саналы таңдауына көмектесу және білім алу жолындағы мүмкіндіктерді кеңінен түсіндіру.
Биыл облыс бойынша 137 ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушы оқу жылын аяқтап отыр. Осыған орай ұйымдастырылған кездесуде облыстық мәслихат депутаты, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Пания Сармурзина бастаған топ ата-аналармен ашық диалог алаңын құрды.
Кездесу барысында қатысушыларға жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына түсу мүмкіндіктері, мемлекеттік гранттар, инклюзивті білім беру бағдарламалары, сондай-ақ ерекше балаларға қарастырылған жеңілдіктер мен қолдау тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беріліп, әр баланың жеке қабілеті мен қызығушылығына сай бағыт таңдаудың маңыздылығы айтылды.
Ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
https://www.facebook.com/share/p/1BU8haahJZ/
