Басты бет Тарихы Әйелдер қанатының құрылымы Жаңалықтар Байланыс
Қазақша | Орысша
Тіркелу
Әйелдердің денсаулығын және отба... 14 мамыр, 2026 Түркістан облысы

«АНАЛАР АМАНАТЫ» СӘУКЕЛЕ ШЕРУІМЕН АЙШЫҚТАЛДЫ

⚜️«AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында «Аналар аманаты» іс-шарасы өтіп, оның аясында қазақ қызының қадірін биіктеткен рухани тәж – алып Сәукеле көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ қызының тағдырлы сәтін үнсіз сөйлететін киелі мұрамыз биыл тағы да әлемдік рекорд орнатты. Ұлттың нәзік болмысын сақтап қалған бас киімнің биіктігі 6 метрге жетіп, бүтін бір ұлттың талғамы мен танымын, ананың ақ тілегі мен әкенің үмітін бойына сыйдырған асыл қазынаға айналды.

«АНАЛАР АМАНАТЫ» СӘУКЕЛЕ ШЕРУІМЕН АЙШЫҚТАЛДЫ

      Ақ босағаны аттар сәтте қалыңдықтың басына қонған сәукеле – балалықпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқан жүректің бейнесіндей. Оның биіктігі – арманның асқақтығын, әшекейіндегі күміс пен маржан – қыз тәрбиесінің нәзіктігін аңғартады. Бас киімнің әрбір оюы үнсіз сыр шертсе, үкісінің үлбіреген самалы жас келіннің үмітіндей тербелді. Дәстүрімізде сәукеле киген қыз енді бір әулеттің шырағын жағар жан, бір шаңырақтың берекесін кіргізер келін деп байыпталған. Сондықтан халқымыз сәукелеге тек әдемілік емес, қасиет пен жауапкершілікті де сыйғызған.

     Атап өтуіміз керек, өткен жылы Түркістанда «Сәукеле-2025» іс-шарасы өтіп, шардаралық шебер Ақмарал Дауылбаеваның қолынан шыққан алып сәукеле халықаралық рекордтар кітабына тіркелді. Биіктігі 5 метр 20 сантиметр болатын сәукеле Global Book of Records кітабына енді. Сәукеле 31 түркі халқының ою-өрнегімен безендіріліп, оған ұзындығы 560 метрлік жамылғы тігілді.

Шардара қаласының орталық стадионында өткізілген «Аналар аманаты» іс-шарасы «Сәукеле-2026» шеруіне ұласып, оған қатысқан аналар, ауданның белсенді қыз-келіншектері, оқушы қыздар ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» РҚБ Шардара аудандық филиалының өкілдері, ақ жаулықты аналар, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, спорттық жарыстардың жеңімпазы деп танылған бойжеткен қыздарымыз, өнерлі мектеп оқушылары қатысты.

     Іс-шараны мәртебелі қонақтар ретінде тамашалаған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратунов, партияның Шардара аудандық филиалының атқарушы хатшысы Бауыржан Шомпиев шеруге қатысушыларға ізгілікті тілектерін арнап, ауданның қоғамдық өмірінде белсенді үлесі бар қыз-келіншектерге аудан әкімдігі мен облыстық Әйелдер қанатының Алғыс хаттарын табыстады.

Тағылымы терең іс-шара барысында сөз алған облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған мұндай бастамалардың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Әйелдер қанатының қоғамды топтастырудағы рөліне тоқталып, аналарға құрмет көрсету, отбасы институтын нығайту, қыз тәрбиесі мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу бағытындағы жұмыстарын атап өтті.

     «- Сәукеле – тұтас ұлттың рухани келбетін айшықтайтын асыл мұра. Оның әрбір оюында ананың мейірімі, әкенің аманаты, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы жатыр. Бүгінгі «Аналар аманаты» іс-шарасы – өткен мен бүгінді жалғаған, ұлттық тәрбиені ұлықтаған тағылымды басқосу болды. Біз кейінгі ұрпаққа тек сөзбен емес, осындай өнегелі істер арқылы ұлттық болмысты сіңіруіміз керек. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты отбасы құндылықтарын насихаттау, аналарды қолдау, қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе қыз тәрбиесіне, ұлттық киім мен салт-дәстүрді жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгін көпшілікке ұсынылған алып сәукеле – қазақ әйелінің мәртебесін, ұлттық өнердің өміршеңдігін әлемге танытқан ерекше туынды. Осындай еңбектің артында шеберлікпен қатар ұлтқа деген сүйіспеншілік, рухани жауапкершілік жатыр. Шардара жұртшылығының бұл бастамасы көпке үлгі болады деп сенемін», - деді Қалыйма Жантөреқызы.

Батыр аналар, ардагер ұстаздар, дәрігерлер, әр түрлі саланың майталмандары және «Қазақ аналары - Дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының мүшелері алдыңғы шепте жүріп өткен «Сәукеле-2026» шеруіне барлығы 500 адам қатысты. Шеруде аудан мақтаныштары сапында Әлем және Азия чемпиондары, өнерімен елге танылған күміс көмей, жез таңдай әншілер мен бишілер, мәдениет және саз мектебінің өнерпаздары төбе көрсетті. Шерудің құрамында сән салтанатымен жүріп өткен топтың ішінде Шардара қаласындағы үш жалпы орта мектептерінің 300-ден астам оқушылары «Қара жорға», «Гәкку», «Қазақ биі» туындыларын нақышына келтіріп орындады.

     Көрермендер назарына ұсынылған таңғажайып сәукеленің жеті желегін ауданның мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген аналар алып жүрді. «Әлемнің жарығы – Ана» деп аталатын желекті Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Алтын алқа» иегері Жарылқасын Мүталиева мен «Алып сәукеле» жобасының авторы, шебер Ақмарал Дауылбаева ұстап шықты. «Татулық пен бірлік» желегін ҚР Білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Жаңылай Айдарова мен мәдениет саласының майталманы Ақілгек Мұсаева алып шықса, «Денсаулық – ең үлкен байлық!» желегін ұстау ардагер ұстаз Болсынай Ағманова мен мәдениет саласының майталманы, ақын Несібелі Шаменоваға бұйырды. «Еңбек – елге мұрат» желегін Қызылқұм және Сүткент елді мекендерінен келген еңбек озаттары болған аналарымыз ұстады. «Ана – бала бақыты» желегін ардагер ұстаз Зерия Уразова және ақын, сазгер Роза Шығанақова ұстап шықса, «Таза қоршаған орта» желегін ардагер ұстаз Гүлназ Нарымбетова мен қолөнерші Наргиза Сайдакбарова ұстап шықты. Ал «Мәдениет пен руханият» желегін ардагер ұстаз Базаркүл Рахимова мен көптеген жас буын өнерпаздардың ұстазы Зина Садыкова ұстап шықты.

Іс-шара соңы ұлттық рухты асқақтатқан ауқымды концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде әуелеген халық әндері мен күмбірлеген күйлер, ұлттық би мен тағылымды көріністер көрермен көңіліне ерекше әсер сыйлады. Өнерлі жастар мен мектеп оқушылары ананың мейірімін, қазақ қызының инабатын, ұлттық тәрбиенің қадірін сахналық қойылымдар арқылы әсерлі жеткізді. Әйелдер қанатының бастамасымен ұйымдастырылған тағылымды кеш аналардың қоғамдағы орны мен тәрбиедегі рөлін айшықтаумен қатар, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың нақты үлгісін көрсетті. Сәукелені ұлықтау арқылы қазақ қызының қадірі мен келіннің қасиеті дәріптеліп, жас ұрпақ санасына салт пен дәстүрдің терең мәні сіңірілді.

6a05ba604b3bc.jpg
6a05ba630511d.jpg
6a05ba608dc2b.jpg
6a05ba604e935.jpg

Тағы жаңалықтар

Барлығын көру
23 маусым, 2026

Жаңа бастамалар мен нақты істер алаңы

Сарысу ауданында өткен Әйелдер қанатының отырысында әйелдердің көшбасшылығын дамыту, қоғамдық белсенділігін ар...

16 маусым, 2026

«Айша бибі» көшбасшылық мектебінде кезекті семинар өтті

Өңірлік «Айша бибі» көшбасшылық мектебінің семинарында белсенді әйелдер көшбасшылық, командамен жұмыс, көпшілі...

6 мамыр, 2026

Әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру – басты назарда

"AMANAT" партиясының «Әйелдер аманаты» жобасы аясында Түлкібас ауданында белсенді әйелдермен мазмұнды кездесу...

19 наурыз, 2026

"ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫ – РАМАЗАН ШУАҒЫ" ФОРУМЫ

19 наурыз күні Қарасу ауылдық округі әкімдігі мен "Amanat" партиясы Сайрам аудандық филиалы жанындағы Әйелдер...

13 ақпан, 2026

Салауатты сана, Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт

"Салауатты сана", "Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" жобалары аясында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы №11 кол...

29 сәуір, 2026

«AMANAT ARUY – 2026»: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ТӘРБИЕНІҢ ТОҒЫСЫ

Түркістан облысында «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен партияның «Мәдени мұра» жобас...