«Aqmola Women Congress» форумы Көкшетауда
«Aqmola Women Congress» форумы Көкшетауда 500-ден астам әйелдің басын қосты
Көкшетауда әйелдер көшбасшылығын дамытуға, тәжірибе алмасуға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған дәстүрлі өңірлік «Aqmola Women Congress» форумы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Төралқасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен, «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының Әйелдер қанатымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Форум жұмысына ҚР ҰКП «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Биылғы конгресс Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 500-ден астам әйелдің басын қосты. Олардың қатарында табысты кәсіпкер әйелдер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік қызмет өкілдері, судьялар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ кәсіпкерлік жолын енді бастап, кәсіби дамуға ұмтылып жүрген әйелдер бар.
Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде «Aqmola Women Congress» іскерлік іс-шара ғана емес, жаңа серіктестік байланыстар орнатылатын, бірлескен жобалар бастау алатын және әйелдердің кәсіпкерлік пен кәсіби қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелері талқыланатын маңызды диалог алаңына айналды. Мұнда қатысушылар табысты тәжірибелермен танысып, мемлекеттік қолдау шаралары, қаржылық құралдар және бизнесті дамытудың заманауи тәсілдері туралы ақпарат алады.
ҚР ҰКП «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанованың айтуынша, мұндай кездесулер әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда және кәсіби қауымдастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
«Бүгінде әйелдер ел экономикасының дамуына белсенді үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа жобаларды іске асырып, заманауи технологияларды меңгеріп, жаңа нарықтарға шығуда. Сонымен қатар олардың өзара кездесіп, тәжірибе алмасуына, жаңа білім алып, пікірлес жандардың қолдауын сезінуіне мүмкіндік болуы аса маңызды. Осындай форумдар әйелдерге серіктестер мен тәлімгерлер табуға, жаңа жобаларға шабыт алуға және өз күшіне деген сенімді нығайтуға көмектеседі», – деді Лаззат Рамазанова.
Форум қатысушыларын құттықтаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов әйелдердің өңір экономикасын дамытудағы үлесіне ерекше тоқталды.
«Бүгінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметке белсенді араласуы ерекше маңызға ие. Облыстағы 55 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің жартысын әйелдер басқарады. Олар сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында табысты жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосып келеді. 2025 жылы қолдау көрсетілген 86 жобаның жартысына жуығын әйел кәсіпкерлер жүзеге асыруда. Әйелдер агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да елеулі үлес қосып отыр: өңірдегі 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнының шамамен 2 мыңын әйелдер басқарады», – деді Ернар Жаркешов.
Форум бағдарламасында табысты кәсіпкерлік тәжірибелер мен нақты кейстерге ерекше назар аударылды.
Аграрлық бизнес саласындағы өз жолы туралы «Агроглобал» ЖШС басшысы Ольга Липень әңгімеледі. Бүгінде ол жетекшілік ететін компания агроөнеркәсіптік секторда табысты жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның тәжірибесі кәсібилік, табандылық және стратегиялық ойлау арқылы күрделі экономикалық жағдайда да бизнесті табысты дамытуға болатынын көрсетті.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «Буррата» ЖК жетекшісі Эльвира Мұқашеваның тәжірибесі тудырды. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті брендті дамыту жолын таныстырды. Кәсіпкерлік бастаманың және өнім сапасына басымдық берудің арқасында кәсіпорын өнімі тұтынушылардың сеніміне ие болып, өңірлік өнімді табысты ілгерілетудің жарқын үлгісіне айналды.
Бизнесті жаңа жағдайларға бейімдеу және тұрақты өзгерістер кезеңінде өсу мүмкіндіктерін табу тақырыбында халықаралық деңгейдегі ICF сертификатталған коуч, «ASMAR» Қазақстан әйел кәсіпкерлер қауымдастығы президиумының мүшесі Гүлия Алшынқызы сөз сөйледі.
Сондай-ақ әйел кәсіпкердің ішкі ресурсы тақырыбы да үлкен қызығушылық тудырды. Психолог, бизнес-тренер Жанат Несіпбай эмоционалдық тұрақтылықты сақтаудың практикалық құралдарымен бөлісіп, бизнес, отбасы және жеке даму арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолдары туралы айтты.
Форум қорытындысын шығарған Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек конгресс тек өзекті мәселелерді талқылайтын алаң ғана емес, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыратын маңызды ортаға айналғанын атап өтті.
«Бүгін біз әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, қаржылық құралдар, цифрлық технологиялар және тұлғалық даму мәселелерін талқыладық. Алайда мұндай кездесулердің басты құндылығы – нақты табыс тарихтарын тыңдап, пайдалы тәжірибе алмасып, өз ісіңді дамытуға жаңа мүмкіндіктер көруде. Бір алаңға жүздеген белсенді әрі мақсатшыл әйел жиналғанда жаңа идеялар, жобалар мен серіктестіктер пайда болады. Осындай бастамалар кәсіпкерлік ортаның дамуына ықпал етіп, өңірлер экономикасындағы әйелдердің рөлін нығайтады», – деді Ерқанат Мұсылманбек.
Форум әйелдер кәсіпкерлігінің бүгінде өңірлік дамудың маңызды қозғаушы күштерінің біріне айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал «Aqmola Women Congress» секілді іс-шаралар әйел көшбасшыларды қолдау, оқыту және олардың өзара ынтымақтастығын нығайтудың тиімді тетігіне айналып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.