Абай университетінде әйелдер көшбасшылығын дамытуға арналған жаңа EMBA бағдарламасы іске қосылды
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа білім беру жобасы – 7M04120 «Саясат дизайны және әйелдер көшбасшылығы (EMBA)» магистрлік бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама мемлекеттік басқару, қоғамдық саясат, азаматтық қоғам институттары және үкіметтік емес ұйымдар салаларында қызмет ететін мамандарға арналған. Оқу бағдарламасын табысты аяқтаған түлектерге мемлекеттік басқару және қоғамдық саясат саласындағы магистр дәрежесі беріледі.
EMBA форматына негізделген білім беру бағдарламасы заманауи мемлекеттік басқару талаптарын ескере отырып әзірленген. Оның мазмұны стратегиялық менеджмент, қоғамдық саясатты жобалау, әйелдер көшбасшылығы мен гендерлік саясат, инклюзивті және әлеуметтік саясат, цифрлық мемлекеттік басқару, келіссөздер жүргізу және медиация, өзгерістерді басқару бағыттарын қамтиды. Бағдарлама қатысушыларға нақты кейстер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау, қоғамдық саясатты талдау және стратегиялық жобаларды іске асыру дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринованың айтуынша, бұл бастама әйелдердің саяси көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
«Бұл бастама Әйелдер қанатының мүшелерін саяси көшбасшылыққа оқыту үшін, сөйтіп кәсіби көшбасшы қыздарды саяси көшбасшы ету бағытында жүзеге асырылады. Бұл – өте маңызды бастама және біздің жүйелі шешімдеріміздің бірі. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 65 қыз оқуын бастады», – деді Шолпан Каринова.
Жаңа бағдарлама әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына қолдау көрсетіп, басқарушылық құзыреттерін жетілдіруге және елдің дамуына үлес қосатын жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, білім беру бағдарламасы теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыра отырып, тыңдаушылардың стратегиялық жобаларды әзірлеу және іске асыру қабілеттерін дамытуға басымдық береді.


