«AMANAT» қолдауымен Меруерт Өтекешова Ақтөбеде шығармашылық кеш өткізді
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында қазақ киносы мен сахна өнерінің саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Меруерт Өтекешованың құрметіне арналған тағылымды кеш өтті. Мерейтойлық кездесуді ұйымдастыруға облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханова қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында өнер иесі шығармашылық жолының алғашқы кезеңдері, «Қыз Жібек» фильмінің түсіріліміндегі қызықты оқиғалар мен сахна мәдениетінің қыр-сыры туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Актрисаның айтуынша, ол бала күнінен өнерге жақын болып, кино әлемінде өз орнын табуды армандаған.
«Арманым көп болды. Актриса болам, киноға түсем, бір рөлді ойнасам деп армандадым. Кино не екенін, оны қалай түсіретінін білмеймін. Бірақ киноға түсем деймін. Қараңызшы, арманым орындалды. Міне, содан кейін осындай кино шықты»,– деп Меруерт Қаратайқызы өнер жолындағы асқақ армандарының жүзеге асқанын ерекше ықыласпен жеткізді.
Кеш барысында облыстық мәслихат депутаты Күлпаршын Айдарханова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұлдыз Қожабекова және Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов 75 жас мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, актрисаның қазақ руханияты мен мәдениетіндегі айрықша орнына тоқталды.
Еркін форматта өткен басқосуда көрермендер өнер иесінің шығармашылық ғұмыры, театр мен кинода сомдаған тағылымды бейнелері, сондай-ақ өмірлік ұстанымдары жөнінде сауалдарын қойып, мазмұнды әрі әсерлі әңгімеге қанықты.Мәдени кеш жергілікті өнерпаздардың ән-жырымен әрленіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Тағылымды кездесу келесі күні Ойыл ауданында жалғасты.