AMANAT: ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Қоғам саулығы мен ұлт болашағындағы әйелдердің рөлі» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жетекшісінің орынбасары, «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі кеңес төрайымы Баян Жандосова, қалалық мәслихат депутаты Алина Дубинина, «Қарызсыз қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша қаржы сарапшысы әрі өңірлік координаторы Ақбота Турарова, №35 мектептің директоры, «Жаңару» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жайна Қарабаева, сондай-ақ белсенді әйелдер, қоғам өкілдері, сала мамандары мен аудан тұрғындары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру және тұрғындарға әлеуметтік, құқықтық әрі қаржылық бағытта пайдалы ақпарат беру болды. Жиында сөз алған Баян Жандосова қоғамның тұрақтылығы мен ұлт болашағы ең алдымен отбасы тәрбиесіне байланысты екенін атап өтті. Ол аналардың отбасындағы ғана емес, қоғамдағы да рөлі ерекше екенін айтып, отбасыдағы татулық пен өзара сыйластықтың маңыздылығына тоқталды. – Бүгінде әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген белсенді күшке айналды. Сондықтан аналардың мәртебесін арттыру, отбасы құндылықтарын сақтау және жастарға дұрыс тәрбие беру – өте маңызды. Ұлттың болашағы тәрбиелі ұрпақпен тікелей байланысты, – деді Баян Жандосова.