Әйел денсаулығы — отбасы денсаулығының негізі
9 сәуір күні "AMANAT" партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты InLife клиникасымен бірлесіп «Денсаулық күні» іс-шарасын өткізді. Кездесуде әйел денсаулығы, алдын алу, вакцинация және өз-өзіне қамқорлық жасау тақырыптары қозғалды.
Бүгін, 9 сәуір күні, "AMANAT" партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты маңызды әрі пайдалы «Денсаулық күні» іс-шарасын өткізді.
Іс-шараға түрлі санаттағы әйелдер шақырылды: студент қыздар, көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген әйелдер және күнделікті күйбең тіршілікте өз денсаулығына уақыт бөле алмай жүрген жандар.
Біз ынтымақтастық туралы меморандум жасалған InLife клиникасымен бірлесіп, өз ісінің кәсіби әрі жанашыр мамандарын шақырдық.
Қатысушылар алдында дәрігерлер сөз сөйледі:
📍Асқаров Мәди Асқарович, ересектер невропатологы — әйелдердегі бас ауруының себептері мен инсульт қаупі туралы айтты;
📍Джамбаева Майра Жақсыбаевна, акушер-гинеколог — әйел денсаулығын сақтаудың негізгі жолдарымен бөлісті;
📍Сыздыкова Үмітжан Хамитовна, жалпы тәжірибелік дәрігер — жасқа байланысты өзгерістер туралы айтып, 35–40 жастан кейін өмір тоқтамайтынын, керісінше өз денсаулығына көбірек көңіл бөлу қажеттігін атап өтті;
📍Марычева Екатерина Владимировна, балалар невропатологы — ұжымдық иммунитет қалыптастырудағы вакцинацияның маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар Әйелдер қанатының денсаулық бағытына жетекшілік ететін Аспет Асылбековнаға ерекше алғыс білдіреміз. Бүгін ол өз емханасының дәрігерлерін таныстырып қана қоймай, әйелдерді тұрақты түрде скринингтен өтіп, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Кездесуден кейін әрбір қатысушы мамандарға өз сұрақтарын қойып, жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Кейбір әйелдер келесі қабылдауға да шақырылды.
Қатысушыларға психологымыз @otynshinagulmira жүргізген шағын интерактив ерекше әсер қалдырды. Жеңіл форматтағы мини-ойын арқылы әйелдердің ішкі жан дүниесіндегі маңызды тақырыптар қозғалды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі — ақын Толғанай Айболатқызының әсерлі өлең оқуы болды. Өлеңде әйелдің күші, ішкі қуаты және денсаулықтың маңыздылығы терең жеткізілді.
Кездесу өте жылы, шынайы әрі әсерлі атмосферада өтті. Қатысушылар саны көп болды, ең бастысы — әйелдердің өздері осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді сұрады. Біз бұл бастаманы міндетті түрде жалғастырамыз.
Өйткені әйел денсаулығы — бүкіл отбасы денсаулығының негізі.