Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы мәдениет саласының өкілдері мен руханият жанашырларына құрмет көрсетті.
Салтанатты шараға мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтар, шығармашылық ұжымдардың өкілдері, кітапхана, музей, мәдениет үйлері мен өнер ұйымдарының мамандары, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жүрген «Miras» кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет саласы – ұлттық болмысты сақтап, ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіретін маңызды бағыт.

💬«Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі. Бұл салада еңбек етіп жүрген әрбір азамат елдің тарихи жадының сақталуына, ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне және жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлкен үлес қосып келеді. Сондықтан мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсету – олардың кәсіби еңбегіне ғана емес, қоғамның рухани дамуына қосқан үлесіне берілген әділ баға», – деді Серік Нұрқадыров.
🔸Іс-шара барысында мәдениет саласында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар маман арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет үйлерінің қызметкерлері, өнер ұйымдарының өкілдері, кітапхана және музей саласының мамандары, сондай-ақ өңірдің рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген азаматтар бар.

