«Мектепке дейінгі ұйымдарды 2027 жылдан бастап лицензиялау: сапа, қауіпсіздік және өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«АМАНАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалы «Әйелдер қанатының» жұмыс жоспары аясында «Мектепке дейінгі ұйымдарды 2027 жылдан бастап лицензиялау: сапа, қауіпсіздік, өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараны «Әйелдер еңбегі, кәсіпкерлік және экономикалық белсенділік» саласының мамандары Гүлвира Жазитовна Құдайқұлова мен Диана Гайдарқызы Алиева ұйымдастырды. Талқылауға «АМАНАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанар Күйшінова, мемлекеттік органдардың, білім басқармасының, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының, халықты әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері, Парламент депутаттары, облыстағы жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Дөңгелек үстелде алдағы уақытта мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау, санитарлық нормалар мен талаптарды сақтау, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, кедергісіз орта құру, мемлекеттік және жеке сектордың тиімді ынтымақтастығына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар ұйымдарды қаржыландыру мен жаңа талаптарға дайындауға да назар аударды. Кездесуге қатысушылар лицензиялауға көшу кезең-кезеңімен және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің ашық диалогымен қатар жүруі керектігін атап өтті. Қатысушылар сонымен қатар өтпелі кезеңде мектепке дейінгі мекемелерді әдістемелік және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету реформаны табысты жүзеге асырудың негізгі алғышарты деп санады. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша «АМАНАТ» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанынан жұмыс тобын құру ұсынылды. Топтың негізгі мақсаты бірлескен шешімдерді әзірлеу және жеке мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялауға дайындауда қолдау көрсету болады.