«Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті
«Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті
Бүгін Қарағанды облыстық «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті.
Бұл ерекше күн болды — қуанышқа, күлкіге және ерекше энергияға толы әсерлі мереке. Біз балалардың өз ерекшеліктеріне қарамастан жігерін, жеңіске деген ұмтылысын және ашық жүрегін көрдік.
Фестивальге облыстың түрлі қала-аудандарынан келген командалар, педагогтар, жаттықтырушылар, төрешілер, ата-аналар мен қонақтар қатысты.
Ең бастысы — әрбір бала өзін үлкен әрі тату ұжымның мүшесі ретінде сезінді. Мұнда ешқандай кедергі мен бөліну жоқ, тек қолдау, қамқорлық және мейірім бар.
Іс-шара үлкен ықыласпен ұйымдастырылды. Өйткені спорттың адамдарды біріктіріп, шабыттандырып, әр балаға өзіне сенуге көмектесетініне сенеміз.
Фестивальге жалпы саны 200-ден астам адам қатысты. Әр қатысушы жүзінде күлкімен және жақсылыққа бір қадам жақындаған сезіммен тарқасты.
Бұл фестиваль барлығымыз үшін ерекше жылы әрі әсерлі оқиғаға айналды. Ата-аналардың қуаныштан толқыған сәттерін, балалардың шат күлкісін көріп, мұның жай ғана іс-шара емес, шынайы адамгершіліктің көрінісі екенін сезіндік.
Фестивальдің қорытындысы бойынша «Тең мүмкіндіктер» фестивалін жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Ол балаларды, ата-аналарды, педагогтарды және кедергісіз, мейірімді қоғамға сенетін жандарды біріктіретін жақсы дәстүрге айналады деп сенеміз.