Әділетті Қазақстан — ортақ мақсат
Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен депутаттар форумында ел дамуының негізгі бағыттары, қоғамдық келісім мен Әділетті Қазақстанды құру мәселелері талқыланды.
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен депутаттар форумына қатыстым.
Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап, саяси тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің және Әділетті Қазақстанды одан әрі құрудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Ең бастысы — барлық реформалардың өзегінде адам, оның мүмкіндігі мен еліміздің болашағы тұрғаны атап өтілді.
⚡️ Мемлекет басшысы:
«Қазіргі Қазақстан экономикалық тұрақтылығымен, саяси орнықтылығымен, түрлі діни және мәдени дәстүрлерге деген құрметімен көптеген елдерден ерекшеленеді.
Біз өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға, халықаралық құқықты сақтауға, бейбіт қатар өмір сүруге, ядролық қаруды таратпауға, сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайтуға басымдық береміз.
Қазақстан әрдайым ұлттық мүддені және мемлекеттік егемендікті берік қорғап келеді әрі қорғай береді.
Біз — қирататын емес, жасампаз ұлтпыз. Алыстататын емес, жақындастыратын, бөлетін емес, біріктіретін елміз.
Сондықтан да Қазақстан паспорты халықаралық деңгейде үлкен сенімге ие. Азаматтарымыз әлем бойынша еркін білім алып, кәсіп жүргізіп, кедергісіз саяхаттай алады. Бұл — біздің үлкен мүмкіндіктер елі екеніміздің дәлелі.
Біз әр адам өзінің әлеуметтік мәртебесіне, саяси көзқарасына, тіліне, дініне немесе этникалық ерекшелігіне қарамастан өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз.
Жаңа Халықтық Конституция — ортақ Отанымыз Қазақстан Республикасының жарқын болашағының берік негізі».
Форумда көтерілген бастамалар мен айтылған басымдықтар еліміздің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың жалғасатынын көрсетті.