Қарағандыда әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды
Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде әйелдердің құқықтарын қорғау, әйелдердің саясаттағы рөлі және өңірдегі әлеуметтік қолдау тетіктері мәселелері қаралды.
18 ақпан күні Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелге Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты және «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшесі ретінде қатыстым.
Кездесу барысында өңір мәслихаттарының қызметі, олардың құрамындағы әйел депутаттардың үлесі және әйелдердің құқықтарын қорғау мен өңірдің дамуына қосып отырған үлесі туралы айтылды.
Бүгінде Қарағанды облысының өкілді органдарында әйелдердің белсенділігі жоғары деңгейде. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 40 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Бұл ана мен бала құқығы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және отбасы мәселелерінің кеңінен көтерілуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты өңірдегі әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған маңызды алаңдардың біріне айналды. Өңірдегі партия мүшелерінің басым бөлігі — әйелдер. Олар қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуда.
Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары өңірде қиын жағдайға тап болған әйелдер мен отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған бірқатар орталықтар мен қолдау мекемелері ашылды.
Дөңгелек үстел ашық әрі мазмұнды диалог алаңына айналып, әйелдердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын азаматтардың саны артып келе жатқанын көрсетті.